қазақша english русский
Жаңалықтар

Мұнайшы жастар арасында Жайдарман ойындары өтті

«Өзенмұнайгаз» АҚ мұнайшылары кеше жайдарман ойындарында бас қосты. «Келешекке саяхат» деген атпен өткен игі шараның өтуіне Жұртшылықпен байланыс департаменті ұйытқы болды. 

Барлығы 10 құрама Жаңаөзен қалалық «Жастар» сарайын дүбірлі думанға бөлеп, көрерменді ұтқыр әзілдерімен шуақты күлкіге бөледі. Жайдарман ойындары бірталай жылдан бері мұнайшылар арасында өткізілмей келе жатқаны белгілі. Осыған орай, жыл басында басшылық тарапынан қолдау тауып, алғаш рет ақпан айында шымылдығын түрген болатын. 

Сонымен, Жаңаөзен қаласының әкімінің кеңесшісі Көшбай Қызамбаев бастаған Мақсат Оңайбаев, Орынғали Телекусов, Сайын Қабиұлы, Өтеген Ибрагимов, Мұхамбет Суитов сынды қазылар алқасы көңілді де тапқыр мұнайшылардың өнерін лайықты бағалады. 

Он басқармадан жиналған құрамалар сөз жоқ, бірінен бірі асады. Өндірістегі түрлі ахуалдар, мәселелерді қалжыңмен қағытқан олардың айтқандары көрерменге жетіп жатты. Әсіресе, «ӨзенЭнергоМұнай», №1, 3 МГӨБ сынды кұрамалардың әзілдері жиылған жұртшылықты күлкіге қарық қылды. Қаладағы жанармай бекеттерінде газ кезегі, құмар ойынға арбалғандар, қыз ұзату тойы секілді миниатюраларымен көңілден шықты. Әзілге толы жаңалықтармен бөлісу кезеңі де өз деңгейінде өтті. Әсіресе, Маңғыстау өңірінде өтіп жатқан ралли жарысында Қызылсайдың түйе қуып жүрген УАЗ көлігі бірінші орынға ие болды деген қағытпа көптің көңілінде ұзақ сақталары сөзсіз. 

Жайдарман соңында кәсіподақ комитеті тағайындаған төртінші орын №1 МГӨБ-на берілді. Үшінші орынды ӨТҚжЖЖБ командасы еншілесе, екінші орын №3 МГӨБ-ке бұйырды. Ал бірінші орынды ешқандай талассыз ӨЭМБ басқармасының командасы алды. Сондай-ақ, жайдарманның үздік ойыншысы номинациясы актерлік шеберлігімен көпшілікті тәнті еткен ӨТҚжЖЖБ командасының ойыншысы Жасұлан Мусинге табысталды.