қазақша english русский
Жаңалықтар

Ой-дода интеллектуалдық ойны өтті

Жаңаөзен қаласындағы Оқушылар шығармашылық үйінде «Өзенмұнайгаз» АҚ Жұртшылықпен байланыс департаментінің  ұйымдастыруымен «Ой-дода» интеллектуалдық ойны өтті. Ойынға қоғамға қарасты басқармалар мұнайшыларынан құралған 10 команда қатысты. Өз командаларына қолдау көрсету мақсатында ойынға қатысқан №3 МГӨБ, ӨЭМБ директорлары Жеңісбек Сүлейменов, Қалдыбай Жайылғанов өзге басқарма директорлары үшін үлгі болды. Ойынды Жас мамандар кеңесі төрағасы Бауыржан Бердібайұлы жүргізді. Ойын төрешісі болып Мақсат Жамилов тағайындалды. Оның құзіретінде ойын тәртібіне бағынбаған ойыншыға сары қағаз көрсету арқылы ескерту беруге, қызыл қағаз көрсету арқылы ойыншының ойыннан шеттету мүмкіндігіне ие болды. Ойыншыларға небір қызықты сұрақтар қойылды. Ойында американ балалар жазушысы Марк Твен пен орыс жазушысы Антон Чеховтың цитаталарынан сөздер жасырылды.

«Ой-дода» интеллектуалдық ойны қатып қалған миларды қозғалысқа түсіріп, қозғау салды. Жұртшылықпен байланыс департаменті директоры Әділ Сүйебай «Ой-дода» ойны-жастардың білімді, жан-жақты болуға, өзіне деген сенімділік қасиеттерін қалыптастыруға бейімдеу, білуге, үйренуге деген қызығушылығын арттырады»-дейді.

Бұл ойында ақыл,ой,білім сынға түсті. Ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсыновтың «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, білім де сондай керек» деген сөзі бүгінде аксиомаға айналып отыр.

Нәтижесінде, білім мен ой жарысында бас жүлдені ӨТҚжЖЖБ, І орынға  №1 МГӨБ, ІІ орынға  №3 МГӨБ, ІІІ орынға ӨЭМБ командалары ие болды.

Кітаптар адал қызмет ете отырып, адамды адам ететінін жақсы түсінген шара ұйымдастырушылары жеңімпаздарға «білімнің бас құралы» кітаптар үлестірді.

Өте жоғары деңгейде өткен интеллектуалдық ой-доданы тамашалаушылар сайыстан көп нәрсені көңілге буып, көкірекке түйіп қайтты.