Рус

Жаңалықтар

Бағдарламаны іске асыру барысы түсіндірілді

23 тамыз, 2018

2018 жылғы тамыздың 22-24 күндері «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Дәурен Қарабаев пен Басқарма төрағасының барлау, өндіру және мұнайсервистері жөніндегі орынбасары Құрманғазы Есқазиев Жаңаөзен қаласында «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның акт залында еңбек ұжымымен және Атырау қаласында «Ембімұнайгаз» АҚ-ның кеңсесінде акционерлермен, ардагер-мұнайшылармен кездесіп, артықшылықты акцияларды қайта сатып алу бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Акция – компания пайдасының бір бөлігін дивиденд түрінде алуға құқық беретін құнды қағаз. Кез келген компания табысты қызмет ету үшін қаражат тартуды көздейді. Ал, қаражат тартудың бір жолы – акцияларды сатылымға шығару. 2004 жылдың сәуір айында «Ембімұнайгаз» АҚ мен «Өзенмұнайгаз» АҚ қосылуының нәтижесінде құрылған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ 2006 жылдың қыркүйегінде IPO Лондон қор биржасына өз акциясын сатылымға шығарды. Әлем елдеріне кең танылған Лондон қор биржасына акциясын орналастырған төрт қазақстандық компанияның бірі – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ осы арқылы 2 миллиард доллардан астам қаражат тартқан болатын. Ол қаражат өндірісті дамытуға, жаңа кен орындарын игеруге жұмсалды. Ал, бүгінгі таңда КМГ БӨ мен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы арасында интеграция процесі жүріп жатыр.

КМГ ҰК Басқарма төрағасының орынбасарлары Дәурен Қарабаев пен Құрманғазы Есқазиев акцияны сатып алу құнды қағаз иелері мен компания үшін тиімді екеніне баса мән бере отырып, бұл жұмыстың орындалу жолдарын жиналғандарға жан-жақты түсіндірді. Мұнайшылар тарапынан сауалдар көп болды. Жалпы, компания акциялары жай акция, артықшылықты акция деп екі түрге бөлінеді. «КМГ БӨ акциясы «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ-ға неге берілмейді?» деген сауалға да тұщымды жауап берілді.

Сатылымға шығатын бір акцияның құны 12 800 теңге көлемінде бағаланған. Атап өту керек, бағдарламаға қатысу ерікті түрде жүреді.  Жалпы артықшылықты акцияларды сату 2018 жылдың 13 тамызынан бастап 15 қарашаға дейінгі аралықта жүзеге асады.

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы