Рус

Жаңалықтар

Арғынбек айтыста оза шапты

15 мамыр, 2019

Мамырдың 4-жұлдызында Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының қоғам қайраткері, айтыскер ақын Қыдырниязова Шолпан Батырқызының 70 жас мерейтойына арналған «Айтыстың шолпан жұлдызы» атты, Батыс аймақтық ақындар айтысы болып өтті. Айтысқа небір-небір от ауызды, орақ тілді ақындар қатысты. Атын атап, түсін түстейтін болсақ, дүбірлі додаға Ақтөбе, Орал, Атырау облыстарынан Мұрадым Ерланов, Талғат Мықи, Жәнібек Бейбітов, биылғы алтын домбыра иегері Жансая Мусина келді. Маңғыстау облысынан әріптесіміз талантты ақын Арғынбек Қалбаев қатысып, бас жүлдені жеңіп алып, айды аспанға шығарды.  Айтыс әділқазыларының төрағасы, айтыс аламанының «ақтанкері» Бауыржан Халиолла, Арғынбекті биік бағалап, бас жүлдені өз қолымен тапсырып, сәттілік тіледі.

Арғынбек  «-Тұлпар-ем аламанда шауып келген. Сұңқар-ем қанатымды қағып келген. Бұл күнде Ақжайықта қос жұлдыз бар, Өскелең жастарыма бағыт берген. Бірақ, әттең, екеуінің жолы басқа, Адамға сыйлығым бар тауып берген, Біріншісі, жасанды жұлдыз-сымақ, Қазақты бағытынан қағып келген. Ал, енді екіншісі нағыз жұлдыз, Қара түнге сәулемен жарық берген. Оның бірі, Есентайдың қызы Баян, Жастарым «жұлдыз ғой» деп танып келген, Екіншісі, Батырқызы Шолпан апам, Еліне өлеңімен шабыт берген. Біреуі-жас қыздарды шешіндірсе, Біреуі-етектерін жауып берген. Біреуі-байыменен төбелесіп, Жүргенін мына отырған халық көрген. Ал, біреуі-күйеуін патша қылып, Хан қылып, орын берген алып төрден. Қаласаң шабытымды үдетемін, Тектінің көрсетейін тірі екенін. Арасы аспан-жердей емес пе еді?! Салыстырып қарасаң, бұл екеуін. Сонда да бүгінгі ұрпақ білмей жүр ғой, Қай жұлдыздың шынайы шын екенін...Баянға еліктеумен көрсетіп жүр Керегі тек атақ пен пұл екенін. Бұл жастар білмей жүр-ау расында, Шолпанның мәңгі солмас гүл екенін. Жайығым, жұлдызыңды тани білші, Мен оны үлгі етемін, жыр етемін. Атының өзі айтып тұрған жоқ па?! Ағайын, шын жұлдыздың кім екенін?!»-деген көркем өлең шумақтарымен көрермендер көңліне жол тапты. «Жеңіске жеткен кезде, бойымды бір қуаныш, бір өкініш биледі. Қуанғаным-батысты мойындатып, жеңіске жетіп, Маңғыстаудың абыройын асқақтатып, мерейін өсірдім. Өкінгенім-жеңісімді атам мен әкем көре алмады. Биыл атам, шежіреші-ақын Өмірзақ Қалбайдың дүниеден озғанына 10 жыл толды. Жеңісімді атамның рухына арнадым»-деді айтыстың бас жүлдегері Арғынбек Қалбай.

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы