Рус

Жаңалықтар

Қартты көрсең - қадір тұт

23 шілде, 2019

Қазақ мұнайының 120 жылдығы мен Өзен кенорнына 55 жылдығы мерейтойы аясында «Өзенмұнайгаз» АҚ басшылығы бір топ ардагер- мұнайшыларға «Кендірлі» демалыс аймағында бір күндік демалыс ұйымдастырды. «Қартты көрсең-қадір тұт» демекші, ардагерлерге арналып мерекелік қонақасы берілді. Мерекелік кешке қатысқан аппарат жетекшісі Бауыржан Мамбетсапаев пен Жұртшылықпен байланыс департаменті директоры Әділ Сүйебай бас директор Есен Өтеевтің құттықтауын жеткізді. Бауыржан Сайлаубайұлы дастархан басында ардагер ағаларымен жараса отырып, компанияның бүгінгі тыныс-тіршілігіне шолу жасап, жасалынып жатқан жұмыстарға, компания жетістіктеріне тоқталып өтті. «Компанияның бүгінгі жеткен жетістігінде әрқайсыңыздың сіңірген еңбегіңіз бар. Біз Сіздерді мақтан тұтамыз. Өздеріңіз салып берген жолды жалғастырып келеміз. Компанияның бүгіні, кешегі өздеріңіз жасаған істің арқасы екендігін біз жақсы түсінеміз»-деді аппарат жетекшісі. Көңілді кешті жыршы-термеші, ЖБД маманы Арғын Бисенов жеті қайқының және халық әндерімен бастап, жыраулардың жырымен жалғады. Аталар сөзімен сусындаған ардагерлер рухтанып,  Төлеген Бекмағанбетов «қонақ кәдеге» екі күй тартса, Талғат Үсенов ән шырқады. Әннің тартымды болғандығынан барша қонақтар әнге қосылып, ардагерлер хорының ғажап көрінісі болды. «Ән-көңілдің ажары» демекші, ән салған ақсақалдар көңілденіп, жасарып кеткендей әсер қалдырды. Өздеріне құрмет көрсеткен компания басшыларына риза болған зейнеткерлер шексіз алғысын білдірді. Барлық тілектің түйіні ретінде Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы Асылбек Айдаров бата берді.

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы