Рус

Жаңалықтар

Н.Жантөрин атындағы театр гастрольдік сапармен келді

05 қыркүйек, 2019

Төрт күн бойы Жаңаөзен халқын рухани азықпен сусындатып, репертуарындағы үздік спектакльдерін ұсынған облыстық драма театры гастрольдік сапарының шымылдығын «Алғашқы махаббат» комедиясымен жапты. 
Мектеп өмірінің кіршіксіз сәттері, алғашқы махаббат, бейкүнә сезімдер суреттелетін қойылым қызықты ситуация, ұтымды әзілімен әп дегеннен-ақ көрерменді өзіне баурап алды. Аншлагпен өткен спектакль залдағы көрерменнің балалық шағы мен албырт сезімін еске түсіріп, зор құрмет-қошеметке ие болды.

Жаңаөзендіктер бұдан бөлек, төрт күн ішінде Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің желісінде сахналанған қойылымды, С.Балғабаевтың өмір шындығының сан-салалы мәселелерін қозғайтын «Ғашықсыз ғасыр» драмасын, режиссер Нұрлан Жұманиязовтың «Фариза мен Мұқағали» спектакльдерін тамашалады.

Гастрольдік сапардың соңғы күні театр жетекшісі Гүлсина Мирғалиева «Өзенмұнайгаз» АҚ 55 жылдық мерейтойына орай өнер ұжымының атынан ізгі тілектерін жеткізіп, компанияның әлеуметтік-әкімшілік департаментінің директоры Тарас Алеуединовке құттықтау хатын табыстады.

Бақсыйық Мұрсатов, Бұрғылау жұмыстары басқармасының машинисі:

- Біздің шағын қаламыз - Жаңаөзенімізде театр жоқ. Алайда, респбликалық, облыстық театрлар жылына бірнеше мәрте гастрөлдетіп, мұнайшы қаланың тұрғындарын рухани азықтандырып кетеді. Соның ішінде ауыл арасы жақын болғасын Н.Жантөрин атындағы драма театры арнайы қойылымдарымен келіп отырады. Осы ретте ел мұнайының 120 жылдығы мен компаниямыздың 55 жылдығына орай «Өзенмұнайгаз» АҚ қала халқына үлкен бір сый жасап отыр екен. Н.Жантөрин театрын шақырып, 4 күн бойына үздіксіз қойылым ұсынды. Тегін ұйымдастырылған спектакльдерді отбасымызбен тамашаладық деуге болады. Әрине, қойылымдарға кезектесіп бардық. Кіші қызыма алғашқы күннен-ақ қойылым ұнап, 4 күндегіні де жібермей қарап шықты. Ұйымдастырушыларға, компания басшылығына, театр актерлеріне алғыс білдіремін, - деп алған әсерімен бөлісті.

 

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы