Рус

Жаңалықтар

Жерлесіміз әлем чемпионы

25 қыркүйек, 2019

Ресейде бокстан өткен әлем біріншілігі-2019 жарысында жерлесіміз Бекзат Нұрдәулетов алтын медальды қанжығасына байлап, айды аспанға шығарып,  Қазақстан құрамасының қоржынына түскен жалғыз алтынның иесі атанды. Ел басшылары бүгінгі заманның батырын әуежайдан күтіп алды. Облыс әкімі чемпионға Ақтау қаласындағы 2-бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Боксшының бірінші бапкеріне 3 миллион теңгелік сертификат табысталды, қазіргі жаттықтырушысы Жақиевке 5 миллион теңге берілді. Бекзат финалда өзбекстандық Ділшодбек Рузметовті 5:0 есебімен жеңді. Жартылай финалда төрт дүркін әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының жеңімпазы Хулио Сезар Ла Крузды нокдаунға түсірді.                 

Ол –Жаңаөзен қаласындағы №3 орта мектептің түлегі. 10 жасынан бастап Рақмет Өтесінов атындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде бокс үйірмесіне қатысты. Алматы қаласындағы спорт және туризм академиясында жоғары білім алды. 21 жастағы чемпионға әкесі қызмет ететін «Өзенэнергомұнай» басқармасы құндыз жағалы шапан жауып, ақ боз ат сыйлады.

«Біз қазақпыз!»-деген мақтаныш кеудемізді керіп, еңсемізді тіктеп, елдігіміздің бір кірпішін қалағандай марқайып қалдық. «Болсайшы бұл қазақтың бәрі осындай!»-деп тамсанып отыратын күндеріміз көп болсын!

 

 

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы