Рус

Жаңалықтар

Бас директордың құттықтауы

31 желтоқсан, 2019

Таң атса табалдырығымыздан аттап, төрден орын алғалы тұрған 2020 тышқан жылы құтты болсын! Тарих қойнына еніп бара жатқан 2019-жыл «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы үшін, табысты да берекелі жыл болғаны баршамызға аян. Алла тағала қазақ халқының ырзық-несібесін жер ананың қойнына жасырып қойыпты. Осы «қара алтынды» өндіріп, жылдық жоспарды артығымен орындауда Сіздердің әрқайсыңыздың төгілген маңдай теріңіз бар екені сөзсіз. Ырыс- бірлікке, табыс-татулыққа келеді.

2019-жылға бекітілген мұнай өндіру жоспары 5 551 488 тонна болатын. Компания еңбек ұжымының ауызбіршілігі мен табандылығының арқасында 27 537 тонна мұнайды  артық өндіріп, жақсы көрсеткішке қол жеткіздік. Біздің дана бабаларымыз нағыз бақтың  еңбектіге бітетінін айтады. Тышқан- өте еңбекқор, қор жинағыш жәндік. Ендеше, тышқан жылында баршаңыздың отбасылық қорыңыз молайып,  жан-жақтарыңыз аман болғай!

Өмірде елге қызмет еткеннен артық мәртебе жоқ. Аса маңызды да жауапты жұмыс атқарып жүрген Өздеріңізге темірдей төзімділік пен сарқылмас сабырлылық жолдас болсын. Ел үшін жасап жүрген еңбектеріңіз Алладан қайтсын!  Қысы-жазы жаныма жалау болып, кез келген жағдайда қолдау көрсете жүріп, өзара түсіністікпен, сыйластықпен жұмыс істеп жүрген Сіздердің әрқайсыңызға жеке-жеке риясыз алғысымды білдіре отырып, қойнауы құтты дархан даламыз, ынтымағы жарасқан еліміз аман болсын деген тілек айтамын!  

Құрметпен: «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директоры Есен Өтеев

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы