Рус

Жаңалықтар

Мұнайшылар марапатталды

15 желтоқсан, 2020

Бүгін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай онлайн форматта ұйымдастырылған салтанатты жиналыста «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (бұдан әрі –Қоғам) басқарма төрағасы Алик Айдарбаев Қоғамға қарасты еншілес және тәуелді мекемелердің қызметкерлерін қасиетті мерекемен құттықтады.

"Рас, биылғы жыл оңайға соқпады. Өкінішке қарай, дүниежүзін жайлаған жұқпалы індет қазақ даласын да айналып өтпеді. Дегенмен, өткен жылдармен салыстырғанда «ҚазМұнайГаз» ҰК» бұл жолы сыртқы факторлардың жағымсыз әсеріне дайын болып шықты. Біз дереу дағдарысқа қарсы стратегия қабылдап, шығындарымызды қысқартуға кірістік. Бірақ біз өндірісте жүрген еңбек адамдарына басымдық беріп, олардың жұмыс орындарын сақтап отырмыз.

Сонымен қатар, жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсарту бойынша әрекет етудеміз. Мысалы, биыл Маңғыстау және Ақтөбе өңірлерінде әлеуметтік нысандардың құрылысына қаржы бөлінді», - деді Алик Серікұлы құттықтау сөзінде.

Қоғам басшысы бір топ қызметкерлерді ҚР ЭМ «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі және Ескерткіш белгісімен, «ҚазМұнайГаз» ҰК» Құрмет грамотасымен марапаттап, сәттілік тіледі. Салтанатты жиналыс барысында «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Есен Өтеев және Кәсіподақ төрағасы Наурыз Сақтағанов барлық мұнайшыларға құттықтауын жолдай отырып, кенорынды игеруге көп жылғы қосқан үлесін ескеріп, майталман мұнайшыларға «Өзенмұнайгаз» АҚ Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын тапсырды.         

Компания басшысы Тәуелсіздіктің нығаюына, экономикамыздың тұрақты дамуына мұнайшылардың қосқан үлесі зор екенін атап өтті. Қиынға қажымай, өндірістің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген әріптестеріне шексіз ризашылығын білдіре отырып, кездескен қиындықтардан шығуда барша мұнайшыларға үміт артатынын жеткізді.      

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы